Жаңалықтар

Ақмола тұрғыны жалған инвестициялық платформаға 8 миллион теңге аударған

Ақмола облысында интернет-алаяқтықтың тағы бір дерегі тіркелді. Өңір тұрғыны өзін инвестициялық платформа ретінде таныстырған жалған жобаға сеніп, 8 миллион теңгеден астам қаражатынан айырылған, деп хабарлайды NoFake.kz.

Облыстық киберполицияның мәліметінше, құқық қорғау органдары тұрақты түрде ескерту жұмыстарын жүргізіп отырғанына қарамастан, азаматтар «жылдам әрі жоғары табыс» уәделеріне әлі де алданып жатыр.

Несие рәсімдеп, алаяқтарға аударған

Полиция дерегіне сәйкес, Бурабай ауданы полиция бөлімінде тіркелген бұл іс бойынша 50 жастағы әйел зардап шеккен. Ол жергілікті қонақ үйлердің бірінде қызмет атқарады. Әйел «Industrial Trade» деп аталатын инвестициялық платформа арқылы жоғары дивиденд алуға болады деген уәжге сеніп, алаяқтарға 8 миллион теңге аударған.

Тексеру барысында белгілі болғандай, оның 2 миллион теңгесі өз атына рәсімделген несие болса, қалған 6 миллион теңге екі әріптесінің атына алынған қарыз қаражаты болған. Алайда уәде етілген пайда түспей, жәбірленуші бірнеше несие бойынша төлем жасап отыр.

Тергеу басталды

Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр. Полиция өкілдері мұндай алаяқтықтардың құрбаны түрлі жастағы әрі әртүрлі салада жұмыс істейтін адамдар екенін атап өтті. Алаяқтар психологиялық қысым, сендіру және шұғыл шешім қабылдату тәсілдерін жиі қолданады.

Полицияның ескертуі

Құқық қорғау органдары азаматтарды мынадай қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады:

  • қысқа мерзімде кепілдендірілген әрі жоғары табыс уәде ететін инвестициялық платформаларға сенбеу;

  • белгісіз адамдардың, соның ішінде мессенджердегі «қаржы кеңесшілерінің» ұсыныстары бойынша ақша аудармау және несие рәсімдемеу;

  • жеке деректерді, банк картасының реквизиттерін және бір реттік кодтарды бөгде адамдарға бермеу.

Back to top button