Жаңалықтар

Grok-тың сексуализацияланған дипфейктерін ЕО зерттеуге алды

Еуропалық комиссия X (бұрынғы Twitter) платформасын Grok атты жасанды интеллект чатботының сексуализацияланған дипфейктерін зерттеуге алды. Комиссия зерттеу аясында X платформасының Еуропалық Одақта Grok-тың сурет өңдеу мүмкіндіктерімен байланысты қауіптерді дұрыс бағалап, төмендеткенін тексереді.

Әлемнің түрлі елдеріндегі құқық қорғау ұйымдары мен заң шығарушылар Grok-тың әйелдер мен кәмелетке толмағандардың сексуализацияланған суреттерін жасауға рұқсат беруіне қатты наразылық білдірді. Кейін X ашық посттардағы суреттерді өңдеу функциясын ақылы қызметке айналдырғанымен, Grok чатбот арқылы сурет жасау мүмкіндігі ашық қалды.

ЕО Комиссиясы X платформасының цифрлық қызметтер туралы заңды (Digital Services Act) бұзып-бұзбағанын анықтамақ. Бұл заң үлкен онлайн платформалардың өздеріне жүктелген міндеттерін орындауын бақылайды. Сонымен қатар, ЕО зерттеуі X-тың Grok негізіндегі ұсыныс жүйесіне де таралып отыр. Бұған дейін ЕО X-ке жалған көк белгішелер қолданғаны үшін 140 миллион доллар айыппұл салған еді.

Еуропалық комиссияның технология, қауіпсіздік және демократия саласындағы атқарушы вице-президенті Хенна Вирккунен: «Әйелдер мен балаларға қатысты сексуализацияланған дипфейктер – зорлық пен ұяттың формасы. Бұл тергеу арқылы біз X платформасының ЕО заңнамасындағы міндеттерін орындағанын немесе еуропалық азаматтардың, оның ішінде әйелдер мен балалар құқығын құрметтемегенін анықтаймыз» деді.

Егер X цифрлық қызметтер туралы заң талаптарын тағы да бұзғаны расталса, платформа жылдық жалпы табысының 6 процентіне дейін айыппұл төлейді.

Дереккөз: The Verge

Басқа жаңалықтар

Back to top button